Түркістан полицейлері жолдардың жабылуына байланысты тұрғындарға ескерту жасады
Түркістан полицейлері жолдардың жабылуына байланысты тұрғындарға ескерту жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы аумағында бірнеше күннен бері қар жауып, боран соғуда. Күннің күрт суытуы көліктердің жүруіне кедергі келтіруде.
Облыстың таулы аймақтарында дамылсыз соққан ақ түтек боран жүргізушілер мен жолаушыларды әбігерге салуда. Осындай ауа райының тосын мінез танытып, ысқырып соққан суық желінде азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға жұмылдырылды. Олар жолдарды патрульдеп, жүргізушілер мен жолаушылардың жолдағы қауіпсіздіктерін қамтамасыз етеді.
Осыған орай, Түркістан облысының полицейлері бірнеше жолдардың жабылғанын ескертеді. Яғни, Жамбыл облысы бағытындағы республикалық маңызы бар Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолы жабылды. Аталған жолда қозғалыс тоқтатылды.
Ауа-райының алдағы күндері де тосын мінез танытып, боранның жалғасуы ықтимал. Сондықтан жабылған жолдар бойынша полицейлер қосымша хабарлайды.
Түркістан полицейлері азаматтарды күн райының өзгеруін бақылап, ескерту хабарламаларын назарға алуға және қажетті сақтық шараларын сақтауға шақырады.