Алматыдағы «Камерад» қару-жарақ дүкені қалай тоналғанын тонаушылар айтып берді
Алматыдағы «Камерад» қару-жарақ дүкені қалай тоналғанын тонаушылар айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын хабарланғандай, «Камерад» қару-жарақ дүкенін тонаған үш адам ұсталды. Олардан бес мылтық тәркіленді.
– Екі күдікті Алматы облысының, тағы біреуі Жамбыл облысының тұрғындары. Олардың бірі бұрын тонау бойынша сотты болған. Олар 22-24 жаста. Алматы облысы Қарасай ауданы аумағында арнайы іс-шара барысында екі күдікті ұсталды, тағы бір айыпталушы Алматы қаласы Достық даңғылындағы сауда үйінде тұтқындалды. Олар қамауға алынды. Ұсталғандардың басқа да заңсыз әрекеттерге, соның ішінде қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Ұсталғандар бір ауыздан қару-жарақ дүкенін тонауды өздері танымайтын, белгісіз адамдардың командасымен орындаған айтады.
– Бір бейтаныс жігіт көлігіме отырып, Шаляпин мен Саин көшелеріне баруымды бұйырды. Мен бардым. Тонаудан кейін бұл адам жоғалып кетті. Оның кім екенін, қайда кеткенін білмеймін, – деді ұсталған күдікті.
– Біз көп болдық. Ұрланған қаруды мен тығып қойдым, – деді кезекті ұсталған күдікті.
Анықталғандай, ұсталғандардың үшеуі де басқа жақтан келгендер. Алматыда тұрақты жұмыстары жоқ, кездейсоқ жұмыстармен күн көреді.