СҚО-да ер адам далада бір тәулік бойы адасқан
СҚО-да ер адам далада бір тәулік бойы адасқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құтқарушылар мен полицейлер 40 жастағы СҚО тұрғынын бір тәулік бойы іздеді. Ер адам салт атпен шығып, адасып кеткен. Түк көрінбейтін бораннан бағытынан адасып, кейін қайтатын жолын таппаған. Ауыл тұрғынын іздеуге ТЖ бөлінісінің және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Абырой болғанда, ер адам қар құрсауынан өз бетімен шығып, жақын маңдағы елді мекенге келген.
Ал ақпанның 15-сі М.Жұмабаев ауданында учаскелік полиция инспекторы Мұрат Арықовтың түнде тұруына тура келді. Оның көмегі боранның салдарынан Молодогвардейское ауылының жанында тұрып қалған Ақмола облысының үш тұрғынына қажет болды. Жолды қар алып қалған, оның үстіне көліктерінің істен шығуына байланысты жылыта алмаған. Учаскелік инспектор жергілікті шаруашылықтың басшысына жүгініп, көлікті сүйрейтін техника сұраған. Бес сағаттан астам далада тұрып қалған ақмолалықтар құтқарылды, дін аман.
Солтүстік Қазақстан облысының шалғай аудандарында боран әлі соғып тұр. Уәлиханов және Ақжар аудандарындағы облыстық маңызы бар жолдардағы қозғалыс әлі де шектеулі.
– Ақпанның құбылмалы ауа райы солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс. Ауа райы болжамына құлақ асқан жөн және күн райының қолайсыз жағдайы кезінде елді мекендерден алысқа шықпауларын сұраймыз, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.