«20 адам жабылып ұрды»: жарақаты ауыр полицей «қаңтар қырғынындағы» жағдайды айтты
Қаңтар оқиғасы кезінде көшеге шыққан халықтың адуынын басу үшін алдыңғы шепке полиция қызметі шыққаны бәріне белгілі. Дәл сол күндері бірқатар азамат оққа ұшты, енді басым бөлігі денсаулығынан айырылды. Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде топ азаматтың тепкісіне қалған тәртіп сақшылары өте көп.
Экспресс К көшеге шыққан халықтың адуынын басуда бас-ми жарақатын алып, көз алмасының контузиясына ұшыраған Медеу аудандық полиция басқармасының тергеушісі Бауыржан Бақытұлымен әңгімелесті. Ол қаңтардың 5-і күні Төле би мен Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысында не болғанын айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бауыржан Бақытұлы құзырлы органда қызмет істеп жүргеніне 10 жылдан асқан. Сол күні кезекшілігін тапсырып, үйінде жатқанында шұғыл хабарлама түскен. Қаңтардың 5-і күні таңғы сағат 7:30-да жұмысқа жиналып, арнайы киімдерін киіп, Абай даңғылы мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысына жеткізіледі. Сол маңда шеруге шыққан халықтың адуынын басу үшін күтіп тұрғанында жедел әрекет ету жасағынан тартып алынған «Таран» көлігін байқап қалады. Бірден қоршауға алып, оны қайтарған. Кейін халықтың алды Төле би көшесіне бұрылды дегенді естіп, сол маңдағы тәртіп сақшылары Байтұрсынұлы көшесі мен Төле би көшесінің қиылысында шеп құрады.
– «Бізге ешқандай шара қолданбайсыңдар, тек халыққа тосқауыл болып, қолдарыңдағы қалқанды ұрғылап тұрсаңдар болды» деген бұйрық берілді. Жарты сағат өтпей халықтың алдыңғы легі келді. Қолдарында тас, көзден жас ағызатын газ баллондар, ал бастарына газтұтқыш киген. Бірден бізге қарай лақтыра бастады. Газға уланған әріптестерім кері шегінді. Сол сәтте параллель орналасқан көшеден тағы бір топтың келе жатқаны жайлы хабар түсіп, бізді сол жаққа қарай бөлді. Әлеуметтік желіден көрген шығарсыздар, жанармай тасымалдайтын көліктің ортамызды жарып өткенін. Міне сол сәттің де куәсі болдым. Абырой болғанда көліктен ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ жылдамдығы өте жоғары болды. Осылайша бір бөлігіміз Қарасай батыр көшесіне шықтық. Ол жақта да тас, күрек, арматура ұстаған адамдар көп екен. Менің бір байқағаным, олар қатты ашулы болды. Басымызда каска, қолымызда қалқан, үстімізде бронежилет. Айғай-шудан басшылықтың не айтып жатқаны естілмейді. Алғашқы бұйрық тосқауыл болып тұру болған. Сол оймен бір орында тапжылмай тұрғанмын. Халықтың алды жақындап қалғанында артыма қарасам әріптестерім шегініп кетіпті. Мен жалғыз қалып кеткен екенмін. Бірақ ашулы топ бірден жүгіріп келіп мені соққының астына алды. Құладым. Жиырма шақты адам қолындағы темірмен, күрекпен аямай бес минут ұрды. Бір сәтте араларындағы жігіттердің бірі мені арашалап қалу үшін үстіме жата қалды да «қойыңдар, бұл да қазақтың баласы, жанұясын асырау үшін жұмысында жүр ғой» деп айғайлады. Содан маған «тұр, жата берме, өліп кетесің» деп мені шетке шығаруға тырысты. Бірақ ол кезде аяғым істемейді, түгелдей темірмен ұрып-соққаннан қозғала алмай қалдым. Әйтеуір шетке сүйреп шығарды да «өліп қалғың келмесе, үйіңе қайт немесе әріптестеріңе бар» деді де ары кетті. Мен сәл есімді жиып, енді жүре бергенімде тағы екі жігіт жүгіріп келіп, қиыршық таспен көзден ұрды. Сол сәтте есімді жоғалттым, — дейді Бауыржан.
Мұнан кейін әріптестері құтқарған. Дереу 5 ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлер көзінің айналасын үш жерден тігіп, ем-домын жасайды. Сәл жағдайы жақсарғаннан кейін дәлізге шығып отырғанда тағы сұмдық жағдай болыпты.
– Әріптестеріме хабарласып ем, Полиция басқармасынан шыға алмай қалдық, қоршаудамыз – деді. Бір сәтте көз алдымда түрлі жарақатпен көптеген құзырлы орган қызметкерлері ауруханаға жеткізіле бастады. Жедел жәрдемдегілер жолай тоқтатып, формадағы адамдарды алып қалып жатқанын айтты. Солардан жағдайды сұрағанымда халықтың алаңға жетіп, көп ұзамай ауруханаға да келіп қалуы мүмкін екенін айтты. Ең қорқыныштысы осы болды. Ауруханада дәрігерлер бәрімізге киімімізді ауыстыруды өтінді. Құдды бір өмірім көз алдымнан өтіп кеткендей болды. Неге мен мұндай жағдайға тап болдым деп қатты ойландым. Бір кезде ұжымдастарым қарапайым киіммен артқы есіктен келді де мені алып кетті. Қуандым. Ол жердегі қызметкерлердің бәрі де тек бас амандығын ойлағаны шындық. Жұмысқа барып, денсаулығым нашарлап кеткеннен кейін үйге қайтуға сұрандым. Жолай қала ішінің адам шошырлық жағдайға жеткеніне куә болдым. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2-3 күн үйде ем алдым. Жағдай тұрақталғаннан кейін ауруханаға барып тексерілдім. Бірнеше дене жарақаты, бас ми шайқалған, көз жанары нашарлаған. Көз алмасының контузиясы диагнозы қойылды. Қазір емделуіме байланысты еңбек демалысындамын, — деп қорытындылады сөзін тергеуші.