Мемлекетке 3,5 млн теңгеден астам қарызы бар шығысқазақстандық анықталды
Мемлекетке 3,5 млн теңгеден астам қарызы бар шығысқазақстандық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасы қарызды төлемегені үшін іздестіріліп жатқан адамдардың орналасқан жерін анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.
Ақпан айында Зайсан аудандық полиция бөліміне мемлекеттік мекемеге келтірілген залал үшін 3,5 млн теңге қарызы бар 53 жастағы борышкерді іздеуге жариялау туралы мемлекеттік сот орындаушысының қаулысы келіп түсті.
Белгілі болғандай, 2017 жылы Тарбағатай ауданындағы тас жолда ер адам Skoda қызметтік автокөлігінде жол-көлік оқиғасын жасаған. Өскемен қаласы сотының шешімі негізінде, 2 жылдан астам төлемеген қарызын өтейтін болды.
– Іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері бір тәулік ішінде борышкердің Зайсан қаласында орналасқан жерін анықтады, – деді Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Енді қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады.