Жас петропавлдық көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін
Жас петропавлдық көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер жексенбі таңертең Жамбыл көшесінің бойында фары істемей келе жатқан ВАЗ 2114 автокөлігін тоқтатады. Рөлде отырған 27 жастағы қалалықтан алкогольдің өткір иісі шығып тұрған, медициналық куәландыру масаңдық дәрежесін дәлелдей түсті. Тексеріс барысында жігіттің 2019 жылдың мамыр айында мас күйінде көлік басқарғаны белгілі болды. Сол кезде сот оны 3 жылға басқару құқықығынан айырған. Заңды негізде жігіттің рөлгеқайта отыруына үш ай ғана қалған болатын, енді өмір бойына басқару құқығынан айырылады.
Айта кететіні, ол өз өмірін ғана қауіпке тіккен жоқ, автомобиль салонында оның танысы да болған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
– Масаң күйінде көлік тізгіндеген жүргізушілерге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы 3 жылдан 7 жылға дейін күшейтілді. Көлік басқару құқығынан айырылса да заң талаптарын елемей, рөлге қайта отырғандарға жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру жазасы қарастырылған. Мас жүргізушілер барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпті. Мұндай фактілермен күрес – жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған полицияның маңызды жұмыс желісінің бірі, – деп хабарлайды Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Әлімжанов.
Жыл басынан облыста осындай 4 факті тіркелді.