Қостанайда өрт кезінде азаматтарды құтқарған ҚАЖД қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болды
Қостанай қаласында болған өрт кезінде ҚАЖД жеке құраммен жұмыс жөніндегі топтың кәсіби, қызметтік және дене даярлығы бойынша аға инспекторы Серік Кубеков жоғары қырағылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол тергеу изоляторы қызметкерлері тұратын үйдің жанынан өтіп бара жатып, өрттің белгілерін байқап, дереу әрекет еткен. Уақыт жоғалтпай үйге кіріп, ұйықтап жатқан тұрғындарды оятып, оларды қауіпсіз жерге шығарады. Сонымен қатар гаражда тұрған жаңа автокөлікті де дер кезінде сыртқа шығарып, оны өрттен аман сақтап қалған.
Әділет майорының жедел әрі кәсіби іс-қимылдарының арқасында өрттің таралуына жол берілмей, азаматтардың өмірі мен мүлкі аман қалды. Оның бұл әрекеті қызметтік борышқа адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің және шынайы ерліктің айқын көрінісі болды.
Осы ерлігі үшін жеке құраммен жұмыс жөніндегі топтың кәсіби, қызметтік және дене даярлығы бойынша аға инспекторы Серік Кубеков Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен "Ерлігі үшін" медалімен наградталды.
Бұл марапат – оның ел қауіпсіздігі жолындағы адал қызметі мен адам өмірін құтқарудағы батылдығына берілген жоғары баға.
