Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер киберқылмыстың алдын алу мақсатында кездесулер ұйымдастырды

Солтүстік Қазақстанда полиция қызметкерлері киберқылмыстың кең таралған тәсілдері туралы тұрғындарды ескерту мақсатында еңбек ұжымдарымен профилактикалық кездесулер өткізуді жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері облыстың 13 тұрғыны алаяқтардың жаңа схемасына сеніп қалған. Қаскөйлер түрлі IT-компаниялардың атынан хабарласып, "антивирустық бағдарлама" орнатуды ұсынады.

Шын мәнінде жәбірленуші телефонына қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаны орнатады. Ол арқылы алаяқтар адамның телефонын толық бақылап, барлық шоттарындағы қаражатты иемденеді. Келтірілген шығын көлемі 560 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жеткен.

Полицейлер бейтаныс дереккөздерден қосымша орнатуға болмайтынын ескертеді. Алаяқтар "несиені тез қайта қаржыландырып, жоюға көмектесетін бағдарлама" секілді түрлі жалған уәделер беруі мүмкін.

Нәтижесінде адам өз телефонына "AnyDesk", "TeamViewer", "HopToDesk", "AirDroidControl" немесе басқа да қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатып, жинаған қаражатынан айырылып қалады.

Полицейлер облыс тұрғындарына осы және өзге де алаяқтық тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Кезекті кездесу Петропавл арақ зауытында өтті. Кәсіпорын директоры тәртіп сақшыларының бастамасын қолдап, жұмысшылардың WhatsApp чатына бейнеүндеу жолдады.

Соның арқасында полицияның ескертуі тек қызметкерлерге ғана емес, олардың жақындарына да жетті.

Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да интернет-алаяқтықтың 214 фактісі тіркелді.

Полицейлер "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру