“Автобус” іс-шарасы: Қарағанды облысында 72 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды
Қарағанды облысында “Автобус” іс-шарасының бірінші күні 72 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 ақпаннан бастап Қарағанды облысында “Автобус” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның мақсаты – жолаушылар мен жүк тасымалдайтын жүргізушілердің көліктік және еңбек тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану фактілерін анықтау.
– ЖАШ-ның бірінші күнінде жолаушылар көлігі жүргізушілері тарапынан 72 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде көлік құралын басқару кезінде телефон пайдаланудың 12 фактісі, маневр жасау ережесін бұзу 9 фактісі, төртеуі міндетті техникалық байқаудан өтпеген. Сондай-ақ, 44 автобустың жылу және электр жабдықтарының жай-күйіне сәйкестігі тексерілді, – дейді облыстық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Қуаныш Зарубаев.