Есірткілік масаң күйде жүк көлігін басқарған атыраулық жол апатын жасады
Есірткілік масаң күйде жүк көлігін басқарған атыраулық жол апатын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 ақпан күні сағат 22:50 шамасында 57 жастағы ер адам DAF XF105 жүк көлігін Атырау-Индер тас жолы бойымен басқара отырып, Бесікті ауылының тұсында жолдың қарама-қарсы жағына шығып, өз жолымен келе жатқан 38 жастағы азаматтың басқаруындағы Mitsubishi Pajero автокөлігіне соқтығысып, жүк көлігін оқиға орнына тастап, кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде жүк көлігінің жүргізушісін анықтап, наркологиялық сараптамадан өткізу кезінде аталған азаматтың апиындарды тұтынудың әсерінен болған есірткілік мас күйде екендігі белгілі болды.
Орын алған факті бойынша 57 жастағы азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) және 611-бабының 2-бөлігімен (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) әкімшілік хаттамалар жасақталып, заңды шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.