Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлері ҰҰ сарбаздарына алғыс айтты
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлері Ұлттық ұланның сарбаздарына алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД -158/4 мекемесінің қызметкерлері қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Тараздағы 5513 әскери бөлімімен бірге жұдырықтай жұмылып, содырларға қарсы күресті.
Аталған әскери бөліммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын түзеу мекемесі қиын сәтте демеу болып, қолдау көрсеткен әріптестерін еліміздің аумағында енгізілген төтенше жағдай кезінде қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, құқық пен тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін және 10 қаңтар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 30 жылдық мерейтойымен, 25 ақпан 5513 әскери бөлімінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.
Естелік ретінде мерекеге орай бағалы сыйлық табысталды. Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінің жеке құрамының және басшылықтың атынан әскери бөлім қызметкерлеріне алғыс айтылды.
Түзеу мекемесінің бастығы Ерлан Тоқанов ел сақшыларының отбасыларына амандық, дендеріне саулық, қызметте мол табыс пен кәсіби өркендеу тіледі. Алдағы уақытта да әріптестік қарым-қатынасты нығайтып, ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.