«Үйдің кезегін жылжытып беремін»: Түркістан облысында жұмыссыз әйел тұрғынды алдап кетті
Түркістан облысында жұмыссыз әйел «үйдің кезегін жылжытып беремін» деп тұрғынды алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық Полиция басқармасының полицейлері үйдің кезегін жылжытып беремін деген тұрғынның ақшасын жымқырған күдікті әйелді ұстады.
Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың қараша айында жергілікті тұрғынның танысы үйдің кезегін жылжытып беремін деп одан 200 мың теңгесін алған. Осы уақыт аралығында танысының берген уәдесіне алданғанын түсінген әйел ҚПБ-ға арызданып, полицияның көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді.
Қалалық полицейлер жәбірленушінің арызына орай, шұғыл түрде іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, күдікті әйел тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, егде жастағы әйел болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті деп танылған әйелдің ешқандай жерде жұмыс істемегені анықталды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.