Қостанай академиясының ұжымы донорлық қан тапсырды
Қостанай академиясының ұжымы донорлық қан тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Қан тапсырып, өмірге үміт сыйла» атты еріктілер науқанына 40-қа жуық адам қатысты.
Офицерлер мен тыңдаушылар бүгінгі науқанда донор болды. Көбінесе мұндай іс-шаралар тоқсан сайын өткізіледі. Қан алуды бастамас бұрын барлық донорлар медициналық тексеруден өтеді, содан кейін барып қана қан тапсырады.
– Қан тапсырып, донор болу – маңызды қадамдардың бірі. Себебі әлемде әр минут сайын донорлық қан біреудің өмірін сақтап қалады. Мен осы игі науқанға көп жылдан бері қатысып келемін, бүгін біздің қанымыз көптеген адамдардың өміріне үміт сыйлайтынына қуаныштымын, – дейді курс бастығының м.а. Нұрлан Бақытқалиұлы.
Өз кезегінде дәрігерлер полиция қызметкерлерін еріктілер қатарында көргендеріне қуанышты. Олардың медициналық тексеруден үнемі өтуі, жақсы дене даярлығы, созылмалы аурулардың болмауы үлкен рөл атқарады.