Қызылордада пробация қызметкерлері 55 сотталғанға әлеуметтік көмек көрсетті
Қызылордада пробация қызметкерлері 55 сотталғанға әлеуметтік көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 ақпанда Қызылорда қалалық Пробация үйінде Қызылорда қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Б.Жұмаштың қатысуымен семинар кеңес өтті.
Семинар кеңесте пробация есебінде сотталғандарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің барысы, қайта қылмысқа жол бермеу, сотқа жолданатын іс-кұжаттардың сапалылығы жөнінде мәселелер қозғалды.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы Ж.Есмахановтың айтуынша, қазіргі таңда пробация қызметінің есебінде 600-ге жуық сотталған есепте тұр. Есепке алынған әрбір азаматтың тұрмыстық жағдайы зерделеніп, қажетті әлеуметтік, құқықтық көмектер беріледі. Ағымдағы жылдың екі айында 55 сотталғанға әлеуметтік көмек көрсетілген.
– Cотталғандарды жұмыспен қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жеке кәсіп ашамын деген сотталғандарға мемлекет тарапынан берілетін грантты алу жолдары да түсіндіріліп, тиісті құжаттарды жинауға пробация қызметкерлері көмек көрсетуде. Олардың қайта қылмысқа жол бермеу мақсатында жиі профилактикалық шаралар мен күнделікті мекенжайынан тексеру жұмыстары жүргізіледі, – деді пробация бастығы Жалғас Есмаханов.