Түркістанда үздік полицейлердің ата-аналарына алғыс айтылды
Түркістанда үздік полицейлердің ата-аналарына алғыс айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздің тыныштығын күзетіп, қауіпті жағдайлардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтауда атқарып жатқан полиция қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Ал мұндай маңызды қызметке лайық, болашағынан үміт күттіретін жастардың қатарға көптеп қосылуы ата-ананың берген тәрбиесінің жемісі.
Балаларын жас кезінен еңбекке баулып, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға дағдыландырып, алдағы өмірлеріне дұрыс бағыт-бағдар беру ата-ананың бірден-бір міндеті.
Алғыс айту күні мерекесіне орай Бәйдібек ауданы ПБ-да полиция қызметкерлері өздеріне артылған міндеттерін жоғары деңгейде атқарғаны үшін білікті полицейлердің ата-аналары шақыртылып, іс-шара өткізілді. Іс-шара аясында жиынға арнайы келген ата-аналарға Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің басшысы тарапынан грамота мен гүл шоқтары табысталды.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары шақырылған қонақтарға шынайы тілегі мен алғысын айтты. Осындай құттықтауларға бөленген аналар қауымы мәз-мейрам боп, ұжымға алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді.