Ақтөбеде алты көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды
Ақтөбеде алты көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 наурызда сағат 00:55 шамасында Ә.Молдағұлова мен Әбілқайыр хан даңғылының қиылысында Toyota жол талғамайтын көлігінің 49 жастағы жүргізушісі KIA көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жолдың бір жолағында тұрған алты көлікке зақым келген.
Жол-көлік оқиғасы болған жерден төрт адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін босатылған. Сондай-ақ, Toyota көлігінің жүргізушісі 2020 жылы мас күйінде көлік жүргізгені үшін жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.
Облыстық ПД Анықтау басқармасы ҚР ҚК 346-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Осы баптың санкциясы төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, көлік құралдарын жүргізу құқығынан өмір бойына айыру жазасын көздейді.