Түркістан облысында көші-қон ережесін бұзған 11 шетелдік елден шығарылды
Түркістан облысында көші-қон ережесін бұзған 11 шетелдік елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ мен Түркістан облысы ПД нұсқауына сәйкес наурыз айының 10-17 күндері аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шараның негізгі мақсаты – облыс аумағындағы шетелдіктерді тиісті құқық тәртібімен қамтамасыз ету, заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасына келу, кету ережелерін сақтау.
Осы бағытта қызметке кіріскен түркістандық полицейлер аталған жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігінде облыс бойынша көші-қон ережесін бұзған 138 шетелдік пен өз еліміздің азаматтарын анықтады және олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның ішінде 93-і шетелдік, 45-і Қазақстан Республикасының азаматы. Аталған құқық бұзушылардың 5-еуі қабылдап-бөлу мекемесіне орналастырылды. Шетелдік 11 азамат сот шешімімен ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ, өзге елдің 9 азаматының Қазақстан Республикасында болу мерзімдері қысқартылды.
Шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 33, шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 12 Қазақстан Республикасының азаматы анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518 (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) және 519-бабының (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) талаптарын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершіліктері қаралды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері аталған іс-шарада тек құқық бұзушылықты анықтап қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескертеді.