Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайлық полицейлер базарда адасып қалған 4 жасар қызды тапты

Жетісайлық полицейлер базарда адасып қалған 4 жасар қызды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында Полиция департаментінің қызметкерлері күнделікті жұмыс жүргізеді. Кей сәттері полицейлер жақынынан адасып, қол үзіп қалған туыстарды қауыштырып жатады.

Мәселен, Жетісай АПБ-нің ювеналды полиция тобының қызметкерлері күндізгі уақытта Жетісай қаласының орталық базарында кішкентай қыздың жалғыз жүргенін байқап қалады. Төрт жас шамасындағы бүлдіршіннен мардымды жауап ала-алмаған полиция қызметкерлері сол маңдағы адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Тәртіп сақшыларының тыңғылықты атқарылған жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, бір сағатта кішкентай қыздың туыстары анықталды.

Яғни, тәртіп сақшылары бүлдіршінді ата-анасына аман-сау қайтарды. Осы орайда қыздың атасы полицейлерге алғысын білдірді.

– Немерем әжесімен базарға барған, содан аяқ-асты адасып қалды. Осы сәтте сол арадан өтіп бара жатқан полицейлер немеремнің жалғыз өзі жүргенін байқап, оған тамақ-суын әперіп, бізді іздеуге кіріскен. Қасындағы немересінен көз жазып қалған әжесі де, мына жақта іздеп жүрген. Соңында немеремді дін-аман полицейлер тауып, бізбен қауыштырды. Осы тұста тәртіп сақшыларына алғыс айту үшін бүгін полиция бөліміне арнайы келіп тұрмын. Полицей Нұрдәулет Әгібай мен Темірхан Дилдабековке үлкен рақметімді айтып, жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді бүлдіршіннің атасы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру