Қызылордада есептегі сотталған ауыл тазалығына үлес қосуда
Қызылордада есептегі сотталған ауыл тазалығына үлес қосуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда тұрғыны масаң күйде көршісінің велосипедін ұрлаған. Сол үшін оған ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, сол мерзімге пробациялық бақылау орнатылған.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес бұл сотталғанның жазасының үштен бір бөлігі қысқартылып, екі жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған болатын. Жергілікті органдар айқындайтын орындарда 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылған. Енді ол мәжбүрлі еңбегін орындап, туған ауылының тазалығына өз үлесін қосып жүр.
– Қолмен жасаған қылмысты мойынмен көтеру керек деп есептеймін. Ішімдік ішіп, қылмыс жасағаныма өкінемін. Көше сыпырып, тазалық жұмыстарын атқарып жүрмін. Жастар, қылмысқа бармаңдар, білім алып, оқыңдар, жұмыс жасаңдар. Қылмыстың өтеуі – жаза, – деді сотталған.
Қызылорда қалалық пробация есебінде 500-ден астам сотталған бар. Оның 81-і пробация қызметінің аға инспекторы Рақым Сыздықовтың бақылауында. Пробация қызметкері өз өндірісіндегі сотталғандардың қайта қылмысқа бармауы, сот жүктеген міндеттерді орындауы тұрғысында профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Оның айтуынша, өндірісіндегі 81 сотталғанның 31-і мәжбүрлі еңбекке тартылған. Олар күнделікті тартылған мәжбүрлі жұмыс орнынан тексеріледі.