Аяқ-қолын байлаған: Қызылордада зейнеткерге таныстары қарақшылық шабуыл жасады
Қызылордада 70 жастағы зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасаған екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 наурыз күні сағат 15:00 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының 102 арнасына 70 жастағы зейнеткер қоңырау шалып, арызданды. Оның айтуынша, өзінің таныстары үйіне баса-көктеп кіріп, күш қолданып, аяқ-қолын байлап, телефоны мен банк картасын ашық түрде жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, осы қылмысқа күдікті екі азамат ұсталды. Екеуі де бұрын сотты болған қала тұрғындары.
Оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен (Қарақшылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.