СҚО полиция бөліністерінде Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық салт-дәстүрлерді өткізді
СҚО полиция бөліністерінде Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық салт-дәстүрлерді өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы аптада полицейлердің жұмыс күні мерекелік іс-шарамен толыға түсті. Барлық бөліністерде Наурыз мейрамының жылы лебі сезіліп тұрды, ондағы қызметкерлер қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетіп, білімдерін ортаға салды.
– Осындай іс-шаралар ұжымды біріктіріп, халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге ықпал етеді. Басты мақсат бірлік пен қызметкерлердің шығармашылық қабілеттерін танытуы болды, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова.
Қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері мерекенің шымылдығын ашқандардың алғашқылары болды. Мұнда қонақтарға олар қазақ халқының дәстүрі “Ұйқыашарды” тарту етті. Наурызды тойлау күндері қыз-келіншектер жақсы тағамдардан Ұйқыашар деген тамақ дайындаған.
“Ұйқыашар” қыз-жігіттердің сезімін арттыра түсуіне себепші болған. Жастар түні бойы алтыбақан теуіп, халық әндерін айтқан, жаңа таңды той-думанмен қарсы алған.
Ертеден сақталып келе жатқан салттардың бірі – Беташар мен Тұсаукесер. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ұлттық нақыштармен безендірілген киіз үй тігіп, қазақ халқының әдемі әрі игі дәстүрлерін көрсетті. Бұл күндері полиция бөліністерінің қабырғасында өткен дәстүрдің бірі – “Бесікке салу” да болды. Әр бөліністе мерекелік көңіл-күй орнады.
Апта соңы қайырымдылық іс-шарасымен аяқталды. Полицейлер ыстық палау мен бауырсақ дайындады. Қарттар үйіндегі, Әйелдерді қолдау орталығындағы, Аналар үйіндегі тұрғындар мен түнеу орнындағы тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар мерекелік дәмнен ауыз тиді. Қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері аз қамтылған отбасыларға барды.