Түркістандық тәртіп сақшылары ерекше балаларды қуантып қайтты
Түркістандық тәртіп сақшылары ерекше балаларды қуантып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленетін «Түлкібас мүгедек балаларды оңалту орталығына» барды. Яғни, полиция бөлімі басшылығының бастамасымен ерекше балаларға арналған шағын мерекелік шара ұйымдастырылды. Ем қабылдайтын балақайлар қонақтарға арнап өнерлерін, сонымен қатар полиция қызметкерлерімен бірігіп «Наурыз» әнін шырқады. Ал полицейлер балалармен ашық сұқбат құрып, оларды мерекемен құттықтады, балаларға базарлық ретінде ойыншықтар мен тәттілерін сыйлап, қуантты.
Іс-шара соңында мемлекеттік мекеменің бастығы Толқын Рысқұлқызы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне өз алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Қарбаласқа толы қызметтеріңізге қарамастан, уақыттарыңызды бөліп, біздің балалармен бірге болғандарыңызға рақмет! Сіздердің де отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға абырой тілеймін, – деп атап өтті орталықтың басшысы.
Түркістан облысы Полиция қызметкерлері үшін балалар үйінің, әлеуметтік орталықтардың қамқорлығына алынған балаларына қолдау көрсету, мерекелік көңіл-күй сыйлау, олардың өмірге деген қызығушылығын арттыру, олармен дос болу бағытында іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады.