Шымкент полицейлері көпбалалы отбасына қайырымдылық көмек көрсетті
Шымкент полицейлері көпбалалы отбасына қайырымдылық көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Абай ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері қиын өмірлік жағдайға тап болған көмекке мұқтаж жанұяның шаңырағына барды. Отбасының отағасы мен үйдің кенжесі денсаулықтарына байланысты төсек тартып қалған. Төрт бала тәрбиелеп отырған ана тәулік бойы қызы мен жұбайына күтім жасауда.
Көпбалалы отбасының тұрмыстық күйі туралы білген полицейлер мұндай қиын кезеңде оларға ұдайы көмек көрсетіп тұрады. Бұл жолы да тәртіп сақшылары жанұяға бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерін алып барды.
– Полиция басқармасының қызметкерлері қайырымдылық шараларына атсалысып, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын. Сондай-ақ, аудан аумағында тұрақты түрде өз тарапыздан барынша қолдау көрсетіп отыратын отбасыларымыз да бар, – дейді тәртіп сақшылары.