ШҚО полицейі кикбоксингтен Қазақстан чемпионатында қола медаль жеңіп алды
ШҚО полицейі кикбоксингтен Қазақстан чемпионатында қола медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз айының ортасында Нұр-Сұлтан қаласында кикбоксингтен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті, оған 17 команда, оның ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200 спортшы қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы құрамасының спорттық намысын оқу-жаттығу взводының қызметкері, 3-санатты аға инспектор Аслан Нұрсапанов қорғап, 91 келі салмақ дәрежесінде өзінің кәсіби шеберлігінің арқасында қола медальға ие болды.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті, іс-шараның үздік ұйымдастырылғанын атап өткім келеді, – деп бөлісті Нұрсапанов.
Аслан Еркінбекұлы бала кезінен бокс және кикбоксингпен айналысып, спорт саласында еңбек сіңірген жаттықтырушы Ержан Шегеновтің басшылығымен Б.Александров атындағы спорт сарайында жаттыққан. Сонымен қатар, 2007-2011 жылдар аралығында Б. Бейсенов атындағы ҚР ІІМ академиясында оқып жүрген кезде қоян-қолтық ұрыс пен кудо спорт түрінен түрлі жарыстарға қатысты. Бүгінгі таңда ол күн сайын шеберлігін шыңдау үшін бірнеше сағат өзіңе көңіл бөліп жаттығады.
– Жаңа белестерді бағындыруда көрсеткен қолдаулары үшін бөлініс командиріне, сондай-ақ ШҚО Полиция департаментінің басшылығына зор алғысымды білдіргім келеді, – деді Аслан Нұрсапанов.