Семейде колония қызметкерлері су тасқынына қарсы дайындықты бастады
Семейде колония қызметкерлері су тасқынына қарсы дайындықты бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы Ертіс өзенінің қоршауына бар жоғы 500 метр ара қашықтықта орналасқан қатаң режимді колония қызметкерлері су тасқынына қарсы іс-шараларды бастап кетті. Мекеме аумағын су алып кету жағдайынан сақтап қалу мақсатында қоршау маңындағы іргелес аумақтағы су ағатын науаларды қардан және мұздан тазарту жөніндегі іс-шараларды жүргізу өте маңызды саналады. ОВ-156/14 мекемесінің жеке құрам қызметкерлері қажетті іс-шаралардың барлығын уақытылы орындап, енді Ертіс өзеніндегі су деңгейін жергілікті аймақтағы гидрометорталықпен ақпарат алмасу арқылы бірлесе бақылауға алуда.
– Су басу қаупі бар аумақтарға жатқандықтан қазіргі уақытта мекемеде нөсерлік және шаруашылық-тұрмыстық кәріздерге, дренаж жүйелеріне және су ағатын құбырларға толық тексеру жүргіздік, сондай-ақ жеке құрамның селдер, су тасқыны және су тасқыны туындаған кездегі іс-қимылдарға дайындығы ұйымдастырылды. Сотталғандардың күшімен инертті материалдар, қап ыдыстар дайындалып, қолдан су тасқыны болатын объектілер маңайына бөгеттер тұрғызылды, – дейді бөлім бастығы Олжас Шойбаков.
Еске сала кетейік, ШҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты барлығы үш мекеменің ғана территория аумағы су тасқыны қаупі бар жерде орналасқан.