Жетісай тұрғынынан заңсыз сақталған қару-жарақ пен синтетикалық есірткі табылды
Жетісай тұрғынынан заңсыз сақталған қару-жарақ пен синтетикалық есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғынның бірі есірткі заттарын тұтынып, оны сатумен айналысатындығы туралы хабарлама келіп түсті. Аталған ақпарат бойынша Жетісай АПБ-нің полицейлері мен ҰҚК қызметкерлері бірлесіп, жедел әрекет етті. Келіп түскен хабарлама бойынша шұғыл іздестіру шараларын жасап, күдіктінің ізіне түсті.
Осылайша сақтауға, сатуға, қолдануға тыйым салынған есірткі қылмысына қатысты күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жұмыссыз жас жігіт болып шықты. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайына мұқият тінту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, ер адамның ауласынан пакетке салынып жасырылған есірткі, 20 оқ-дәрі мен шолақ мылтық табылды. Айғақты заттар тәркіленіп алынды.
Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу), сондай-ақ заңсыз қару сақтағаны бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) тіркеліп, тергеу басталды.
Айғақты зат ретінде алынған қаруға сот-баллистикалық зерттеу тағайындалды. Сараптама тағайындалған өсімдік 9 грамнан астам PVP синтетикалық есірткісі болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.