Шымкентте үш айда түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 384 жасөспірім анықталды
Шымкенттің Әл-Фараби ауданында үш айда түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 384 жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында үнемі жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіп тұрады.
Оның ішінде балаларды түнгі уақытта көшеде жүрген кезінде туындауы мүмкін қауіпті жағдайлардан қорғау мақсатында күн сайын түнгі рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, осы жылдың үш айында Әл-Фараби АПБ-ның ювеналды полиция инспекторларымен ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша 384 жасөспірім жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 25 жасөспірім Шымкент қаласының Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Айта өтетін ақпарат, аудан аумағында орналасқан әрбір білім беру ұйымына мектеп инспекторы бекітілген. Олар мектеп әкімшілігімен бірлесіп ата-аналар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша сабақтар ұйымдастырып отырады.