Түркістан облысының полицейлері жолда қалып қойған жолаушыға көмектесті
Түркістан облысының полицейлері жолда қалып қойған жолаушыға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық полиция бөлімі патрульдік полиция қызметінің инспекторлары Ербол Әмірқұлұлы мен Қаныш Сатбаев түнгі сағат 02:30 шамасында өздерінің қызметтік көліктерімен патрульдеу кезінде жол бойында тұрған азаматты байқаған.
Осыдан соң полиция қызметкерлері жас жігіттің жанына тоқтап, жөн сұрай бастайды. Сұрастыра келе Пердебай есімді азаматтың Тараз қаласына бет алғандығы белгілі болды.
Яғни, Арыстан баб кесенесіне зиярат етуге келген жігіт кеш бата үйіне қайтуға қамданған. Содан жолдан такси тоқтатамын деген оймен Шәуілдір – Түркістан бағытындағы тас жолмен жаяулап жүріп отырған.
Алайда төрт сағаттан бері бірде-бір көлік тоқтамаған. Түн қараңғысына қалып қойған жігіттің қауіпсіздігін ойлаған отырарлық полицейлер тез арада көмек көрсетіп, оны өзі айтқан мекенжайға жеткізіп салды.
Халық үшін қызмет етуге әзір полицейлердің осындай азаматтық ісіне риза болған Пердебай Айымқұлов ризашылығын білдірді.
– Отырар ауданының полицейлеріне рақмет. Мен Арыстан баб кесенесінен шығып, жол бойында такси тоқтатқанмын. Алайда ешқандай көлік тоқтамады. Жолда шарасыз күйде тұрғанымды көріп, көмек көрсеткен Ербол мен Қаныш есімді полицейлердің қызметіне зор табыс тілеймін, – деп алғысын айтты.