Ақтөбеде ҚАЖ қызметкерлері оңалту орталығындағы балаларды қуантты
Ақтөбеде ҚАЖ қызметкерлері оңалту орталығындағы балаларды қуантты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 және КА-168/2 мекемесінің қызметкерлері өңірдегі балаларды оңалту орталығына қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлерімен бірлескен ізгі іс-шарада түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандардың қолынан шыққан бұйымдарды орталыққа сый ретінде табыстады.
Аталған қайырымдылық шарасы Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті және С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының екіжақты қол қойған меморандумы аясында іске асты. Яғни, аталған мекемелер бірлесіп, балаларды оңалту орталығына қуаныш сыйлау мақсатында сыйлықтар таратуды жөн санаған.
– Қайырымдылық іс- шарасынын мақсаты – оңалту орталығындағы балаларға қажетті бұйымдарды сыйлай отырып, түзеу мекемесіндегі сотталғандардың жазасын өтеп жатса да жақсылық жасауға мүмкіндіктері жоғары екендігін сезіндіру, оларды мекемеден тыс ізгі іс-шараларға қатыстыру. Себебі жақсылық жасау – сотталғандардың түзелу жолына түсулеріне, яғни өздерін жақсы жағынан көрсетіп, болашаққа үмітпен қарауларына ықпалын тигізеді. Алдағы күндері де осындай қайырымдылық іс-шаралары жалғасын табады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық тобының аға инспекторы Нұргүл Жумагулова.
Айта кету керек, қайырымдылыққа бөленген оңалту орталығында негізінен церебралды сал ауруымен және аутизммен ауыратын балаларды оңалтып, оларға психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңестер береді.