Шымкенттік әйел бірге тұратын танысының тонын ұрлап кеткен
Шымкенттік әйел бірге тұратын танысының тонын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда бірге тұрып жатқан танысы жалдамалы пәтерден күзен тоны мен түлкі терісінен жасалған көкірекшені және жинаған ақшасын қолды еткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі 700 мыңнан астам теңгені құраған.
Аталған деректі тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) тіркеуге алған.
Ұрыны ұстау мақсатында Еңбекші АПБ-ның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, жақын маңдағы көршілер мен көрген-білгендерден жауап алды. Сондай-ақ, бейнебақылау камералары жіті қаралды.
Тыңғылықты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, ұрлық жасаған азаматшаны полицейлер қала аумағынан қолға түсіріп, басқармаға жеткізді. Ол бұрын сотты болмаған қала тұрғыны болып шықты. Қолды болған заттар иесіне қайтарылды.