Жетісайда бағалы бұйымдарды жымқырған ер адам 5,5 жылға сотталды
Жетісайда бағалы бұйымдарды жымқырған ер адам 5,5 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың желтоқсан айында Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын келіп, белгісіз адамдар үйіне терезеден заңсыз кіріп, алтын бұйым, бриллианттарын ұрлап, аса ірі көлемде шығын келтіргенін айтып, арызданған. Жетісай АПБ-ның қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Ол бұрын ұрлық қылмысымен сотты болып, оған қатысты үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған жас жігіт болып шықты.
Алайда күдікті жазасын толық өтемеген. Өзінің соттылығына қарамастан, қайта қылмыс жасап, жалпы құны 40 млн теңгеден асатын алтын бұйымдарды жымқырған.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, күдікті ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді.
Полицейлер анықтағандай, жас жігіт негізінен түнгі мезгілде үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, тұрғынға тиесілі үйден алтындарды, бағалы бұйымдарды жымқырып кеткен. Ал ұрлап алған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Полицейлер аталған істі толығымен аяқтап, айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. Нәтижесінде, сот үкімі бойынша күдіктінің алдыңғы жазасының өтелмеген бөлігі қоса есептеліп, 24 жастағы жас жігіт бес жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.