Қоғамдық орында масаң күйде жүрген екі сотталған қамауға алынды
Қызылорда облысында қоғамдық орында масаң күйде жүрген екі сотталған қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арал аудандық пробация қызметі есебінде тұрған екі сотталған бас бостандығынан айырылды. Олар сот үкімімен ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (Ұрлық) кінәлі деп танылып, бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, пробациялық бақылауға алынған.
– Олар сот белгіленген міндеттерді орындамай, жаза өтеу мерзімінде өздерін теріс жағынан көрсетіп келді. Сонымен қатар, белгіленген күндері пробация қызметіне тіркелуге бірнеше рет себепсіз келмеген. Тексеру кезінде мекенжайында болмаған. Одан бөлек, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішіп, масаң күйде жүрген жерінен жергілікті учаскелік инспекторымен ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігінің (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған, – деді аудандық пробация қызметінің бастығы Серік Сейталиев.
Сотталған азаматтар жоғарыда аталған заң бұзушылықтарына сәйкес, Арал аудандық пробация қызметімен оған қатысты бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру үшін сотқа ұсыным жолданған. Сот шешімімен Р. есімді азаматтың бас бостандығын шектеу түріндегі бір жыл бес ай өтелмеген жазасы, Н. есімді азаматтың екі жыл сегіз айы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, жазасын одан әрі өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілді.