Қызылордада жыл басынан бері 17 сотталғанның жазасы жеңілдетілді
Қызылордада жыл басынан бері 17 сотталғанның жазасы жеңілдетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жыл басынан бері ҚР ҚК-нің 73-бабымен (Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту) 17 сотталғанның жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылып, түзеу мекемесінен босатылды.
Мекеменің арнайы есепке алу бөлімінің инспекторы Мерей Табылғанованың айтуынша, сотталғанның бірінші өзі сотқа өтініш хат жазады. Осыдан соң тәрбие бөлімі өтініш хат жазған сотталғанның іс-құжаттарын жинақтайды. Яғни, сотталған туралы барлық бөлімнен анықтама алады.
– Құжаттарын жинау барысында оның атқару парақтарының өндірілгендігі туралы ақпарат алып, медициналық анықтамасын қосып, тәрбие бөлімі сотталғанға мінездеме береді. Жинақталған құжат арнайы жасақ бастықтарының кеңесінде қаралып, арнайы есепке алу бөліміне өткізіледі. Сотталғанның құжаттарын арнайы есепке алу мамандары Қызылорда қалалық №2 сотына жолдайды. Сотталғанның өтінішін сот қанағаттандырса, түзу мекемесінен босатылады. Сондай-ақ, бір шетел азаматы айыппұлмен босатылған. ҚР ҚК-нің 73-бабы бойынша босатылған азаматтарды пробация қызметі пробациялық бақылауға алып, қадағалайды, – дейді М. Табылғанова.
Жаза мерзімі аяқталуға жақын азаматтарға әлеуметтік байланыстарды орнату, кәсіби білім алу, біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмегін алу, құқықтық көмек, құжаттарын қайта қалпына келтіру бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кеңестер беріледі.