ІІМ қызметкерлері мектеп оқушыларына қауіпсіздік сабағын өткізді
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері елордадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектебіне барып, балаларға «Бала – басты жолаушы» атты қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әкімшілік полиция комититенің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жол ережелерін оқушыларға қызықты форматта ұсынды. Сандарды сөйлетіп, нақты мысалдар келтірді. Оқушылар да өз сұрақтарып қойып, тақырыпты тарқата түсті.
Электронды темекі туралы қазір жасөспірімдердің барлығы біледі. Оны татуға құмарлар да бар. Оқушылардың жаман әдеттен аулақ болуы үшін ювеналды полиция қызметкерлері электронды темекінің залалын түсіндірді. Балалар да бұл тақырыпқа қатысты ойларын ашық жеткізе білді.
«Жай ғана дәріс емес, жай ғана түсіндіру жұмысы емес, оқушылардың қызығушылығын оятып, ерекше сипатта, басқаша форматта өткізілген сабақ болды. Әрбір оқушыға жетті деп ойлаймын», – деді Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Нураш Искакова.
Кездесуде арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, мектеп кітапханасына полиция қызметкерлерінің күнделікті тыныс-тіршілігі жазылған «Серт» детектив шығармалар жинағы табысталды. Ал оқушыларға қазіргі заман қаһарманына айналған, батыр-полицей Ғазиз Байтасовтың өмір жолы туралы сыр шертетін кітап сыйға берілді. Одан кейін білім ордасы алдындағы жаяу жүргіншілер жолағында тәртіп сақшылары оқушылармен бірге жол ережелерін тағы бір пысықтады.
«Жолдағы апаттылықтың алдын алу, жол жүрісі қағидаларын түсіндіру – ол біздегі негізгі жоспарлы жұмыстың бірі. Бұл алдағы уақытта да жалғаса береді. Себебі балалардың қауіпсіздігі – ол біздің болашағымыздың қауіпсіздігі», – деді ҚР ІІМ ИИЖД сыртқы коммуникациялар басқармасы PR-жобалар тобының сарапшысы Қуаныш Игіман.