Шардарада анасымен ренжісіп қалған жігіт қойшылардың үйін паналаған
Шардарада анасымен ренжісіп қалған жігіт қойшылардың үйін паналаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Шардара ауданының жергілікті тұрғыны 18 жастағы ұлының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағандығын айтып, Шардара АПБ-ға арызданды. Яғни, өздерінің іздестіру жұмыстарынан еш нәтиже шықпаған соң туыстары полицейлерден көмек сұраған.
Жасөспірімді іздеуге Шардара АПБ-ның барлық тиісті полицейлері жұмылдырылды. Әр полицей өз аумағына қарасты үй-жайларды тексеріп, жігіттің баруы мүмкін деген орындарды шолып шықты.
Осылайша тәртіп сақшылары іздестіру шараларын жоғары деңгейде жүзеге асырып, жас жігітті 170 шақырым жердегі қой ауылдан тапты. Белгілі болғандай, ол анасымен ренжісіп қалған. Содан анасына ренішін осылай көрсеткісі келіп, аудан шетіндегі қойшылардың үйін паналаған.
– Хабарсыз кеткен ұлымды іздеуге кірістім. Алайда таба алмай, полиция қызметкерлерінен көмек сұрадым. Олар менің баламды тез арада тауып берді. Полицейлерге үлкен рақметімді айтамын, – деп жігіттің анасы алғысын жаудырды.