Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Қауіпсіз жол» ЖПІШ: Түркістан облысының екі ауданында мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды

Түркістан облысының екі ауданында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің ЖПҚ басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің ұйымдастыруымен сәуір айының 15 мен 22-сі аралығында Сарыағаш және Келес аудандарында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Шараның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, құқық бұзушылықтарды болдырмау.

Іс-шара кезінде полицейлер, Сарыағаш – Келес аудандары көлемінде жол жүрісі қағидасын бұзу бойынша мас халде көлік жүргізу, жолдың қарама-қарсы бағытына шығып, басып озу, жалған нөмірмен автокөлік басқару сынды жалпы 1000-ға жуық құқық бұзушылықты анықтады.

Мәселен, Келес АПБ-ның тәртіп сақшылары рейдтік шара кезінде М. Артықов көшесінің бойында қауіпсіздік белдігін тақпаған Audi көлігін тоқтатқан. Ал жүргізуші полицейдің тоқтату бұйрығына бағынбай, қаша жөнелген. Содан полиция қызметкерлері жүргізушіні жеті шақырым қашықтыққа дейін қуып барып, соңында құрықтады. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде полицейлер оның мас күйде болуы мүмкін екеніне күдіктеніп, медициналық сараптама тағайындайды. Зерттеу қорытындысы бойынша жүргізушінің «орта дәрежелі» мас халде екені расталды.

Полиция қызметкерлері жүргізушіге қатысты қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабымен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар, ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркелді. Жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Нәтижесінде, жүргізуші үш жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция батальоны қызметкерлері алты тәулік ішінде республикалық маңызы бар тас жолда күшейтілген түрде нәтижелі жұмыс атқарды. Мұндай іс-шаралар тәртіп сақшылары тарапынан алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру