“Контрафакт” іс-шарасы: Шымкентте бір күнде 4 қылмыс ашылды
Шымкентте “Контрафакт” іс-шарасы аясында бір күнде төрт қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 сәуірден бастап Шымкент қаласының аумағында “Контрафакт” жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.
Іс-шараның мақсаты – ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу және ашу, контрафактілік өнімді және еркін айналымды тыйым салынған, оның ішінде интернет желісінде таралатын өнімдерді заңсыз дайындайтын, тираждайтын және тарататын тұлғаларды анықтау.
Шара барысында Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері бір күнде бұрын жасалған интернет-алаяқтық жайтына қатысты 4 қылмысты ашты. Жедел-іздестіру шаралары кезінде полицейлер куәлардан жауап алып, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды тұрғылықты мекенжайынан ұстап, тиісті Полиция басқармасына жеткізді.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі 4-тармағымен (Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
– Қазіргі таңда қоғамда таралған алаяқтық жайттарының басым бөлігі – интернет-алаяқтық. Оның ішінде интернет-платформаларда сату туралы хабарландыру орналастырып, алаяқтардың құрбандарына айналған пайдаланушылардың өтініштері көп. Сондай-ақ, интернет-хабарландыру иелерімен байланысып, жеке деректерін жіберуді сұрап, олардың атына несие рәсімдеуі мүмкін. Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін жеке деректерді, банк картаңыздың деректемелерін, кодтарды хабарламаңыз, сондай-ақ тауар үшін алдын ала төлем жасамаңыз және күмәнді мәмілелер бойынша аударымдар жүргізбеңіз, – деп кеңес береді Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Шыңғыс Көлтай.