Қарағандылық полицейлер ақтөбеліктің жүк көлігінен 18 тоннадан астам балықты тапты
Қарағандылық полицейлер ақтөбеліктің жүк көлігінен 18 тоннадан астам балықты тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 сәуірде Қарағанды облысы ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. 8.40 шамасында Қарағандыға кіре берістегі Екатеринбург-Алматы автожолында полицейлер Ақтөбенің 28 жастағы тұрғынының басқаруындағы жүк көлігін тоқтатты.
Көлікті тексеру барысында жүксалғышта шашылған балық табылды: 17 тонна сазан және 1 тонна 200 келі берша.
Жүргізушінің айтуынша, бұл өнімді ол Балқашта жеке кәсіпорындардың бірінде тиеп, Ақтөбе қаласына тасымалдаған. Бұл ретте ер адамда тиісті рұқсат құжаттары болмаған. ҚР ҚК 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.