Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік полицейлер тонаудың екі жайтына қатысы бар үш жігітті ұстады

Шымкенттік полицейлер тонаудың екі жайтына қатысы бар үш жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

14 сәуірде Қаратау ауданы Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы екі жергілікті тұрғын арызданған. Айтуларынша, бірі жұмыс орнында тұрғанда белгісіз тұлғалар келіп, ұрып-соғып, сейфтің ішінен ақшаны алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ал екінші азаматтан газ құю бекетінде жұмыс орнында болғанында, белгісіз тұлғалар күш қолданып, ақшасын және әмиянын тартып алып кеткен.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 300 мыңнан астам теңгені құраған.

Аталған жайттар бойынша тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) тіркеуге алған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Хабарды алған Қаратау ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Ғимарат ішіндегі және газ құю бекетіндегі бейнекамералар жіті қаралды. Сондай-ақ, арыз иесінен және көрген-білгендерден жауаптар алынды. Екі іс бойынша ұқсастық белгілері анықталды. Нәтижесінде, сақшылар екі тонау жайтына да қатысы бар азаматтар тобын қала аумағынан қолға түсіріп, басқармаға жеткізді.

Қазіргі таңда үш азамат уақытша ұстау абақтысына қамалған. Тиісті тергеу амалдары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру