Полицияның кавалериялық бөлімшесінің қызметкерлері Петропавл саяжайларын патрульдеуді бастады
Полицияның кавалериялық бөлімшесінің қызметкерлері Петропавл саяжайларын патрульдеуді бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полицияның кавалерия бөлімшесінің қызметкерлері күн сайын облыс орталығындағы саяжай алқаптарына патрульге шығады. Погондағы салт аттылар құқықтық тәртіпті, абаттандыру қағидаларының сақталуын қадағалайды, сондай-ақ қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жалпы алдын алуды жүргізеді.
Кавалерия бөлімшесінің балансында 13 қызметтік жылқы бар. Қыс бойы полицейлер оларды бағып, маусымға дайындады. Ерекше тапсырмалар орындалады: елді мекендермен шектескен автокөлік өте алмайтын жерлерге бару, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуда жедел әрекет ету. Қазіргі таңда саяжайшылар учаскелерін жеміс-жидек егуге дайындық үстінде. Сәуір айының ортасынан бастап ат тізгініндегі сақшылар солтүстік-батыс жақ беттегі саяжай қоғамдастықтарын аралауда; айналысатын істеріне қызығушылық танытып, жағдайды зерделеуде.
Петропавл қалалық ПБ ППБ кавалерия бөлімшесінің командирі Жақсылық Қожелдақовтың айтуынша, маусымның нағыз қызған шағында масаң күйде отырыс ұйымдастырушылар, сондай-ақ жылдың жылы мезгілінде қараусыз қалған үйлерді паналайтын тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар ерекше алаңдатушылық туғызады. Осы бағыттағы жұмыс бақылауда, қажет болған жағдайда кавалеристер патрульдік полиция батальонынан әріптестерін шақырады; қаңғыбастарды қабылдау-тарату орнына жеткізеді. Құқық бұзушыларға әкімшілік хаттамалар толтырады.
Кавалерия бөлімшесінің байланыс телефондары саяжай қоғамдастықтарының төрағалары мен күзетшілерінде бар. Сонымен қатар, кез келген саяжайшы жасақты шақыра алады, “102” нөміріне қоңырау шалса жеткілікті. Жаз басталар тұста барлық бағбандар мен қала сыртында демалуды ұнатындарға балаларына абай болуға, шаруашылық құралдары мен велосипедтерді қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға кеңес береді.