Тұрғын үйдің дәлізінде дәрет сындырған көкшетаулық жауапқа тартылды
Тұрғын үйдің дәлізінде дәрет сындырған көкшетаулық жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ересек ер адамның орынсыз әрекеті дәлізде орнатылған бейнебақылау камераларының объективіне түскен. Бейтаныс адамның мінез-құлқына наразы болған Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы үйдің тұрғындары 1 мамырда Instagram әлеуметтік желісіндегі қалалық пабликтердің бірінде видео жариялады.
30 сәуір күні сағат 20:00 шамасында ер адам көпқабатты үйдің дәлізінде темекі шегіп, лифт жанында қажеттілігін іске асырған. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде ақмолалық полицейлер аталған видеоны байқап, қаскүнемнің жеке басын анықтады.
Тәртіп сақшылары облыс орталығының 38 жастағы тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген орындарда темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу) және ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.