Солтүстік Қазақстанда дін саласындағы құқық бұзушылықтың 9 фактісі анықталды
Солтүстік Қазақстанда дін саласындағы құқық бұзушылықтың 9 фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен Қазақстан Республикасының дін саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтың 9 фактісі анықталды. Қазіргі уақытта үш әкімшілік материал бойынша дінтанулық сараптама жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешімдер қабылданатын болады. Қалған материалдар бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Петропавл қаласының 31 жастағы тұрғынына ВКонтакте әлеуметтік желісінде діни мазмұндағы аудио және бейнефайлдарды таратқаны үшін айыппұл салынды. Айыппұл көлемі 100 мың теңгеден асады. ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабымен (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды тарату үшін айыппұл түріндегі жаза көзделгенін еске саламыз, – дейді СҚО бойынша ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.
Ұқсас бұзушылық жасағаны үшін Есіл ауданының тұрғыны дәл осындай әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Instagram және TikТок әлеуметтік желілерінде діни мазмұндағы материалдар жариялағаны үшін 150 мың теңгеден астам айыппұл төлеуі мүмкін. Осы құқық бұзушылықтардың барлығын облыстық Полиция департаментінің жедел уәкілдері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтады. Анықталған фактілер бойынша әкімшілік материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін сотқа берілді.