Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-нің бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Шымкентке барды

ІІМ-нің бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Шымкентке барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов және Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы және жеке құрамымен кездесті.

Жұмыс сапарының мақсаты – полицияның сервистік моделі бойынша қызмет көрсетуін кеңейту. Айта кетейік, сервистік модель негізінде полиция қызметін қалыптастыру және дамыту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес жүргізілуде.

Жиын барысында ІІМ-нің бірінші орынбасары құқық тәртібі саласындағы мәселелерді бірлесіп анықтау және шешу үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің азаматтармен тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатуына назар аударды. Сондай-ақ, вице-министр сервистік полиция, ең алдымен мемлекеттік орган жұмысының «қадамдық» қолжетімділігін, ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды. Бұл бағытта патрульдік полицейлер үшін жол қозғалысы ережелері бойынша емтихандарын өткізу ұсынылды, өйткені жүргізушілер тарапынан бұзушылықтарды анықтау үшін қызметкердің өзі осы ережелерді жақсы білуі керек.

Сондай-ақ, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы сервистік полиция моделін дамытуда полиция қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа да аса көңіл бөлінетінін айтты. Ол ІІМ мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жемқорлыққа қарсы күрес үшін ақпарат алмасуды, бірлескен іс-шаралар жүргізуді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдауды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтті.

Арман Садановтың айтуынша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске азаматтық қоғам да белсенді тартылып жатыр.

Шымкенттегі жұмыс сапары барысында вице-министр қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсілін енгізу жөніндегі қала әкімінің өкімімен құрылған полиция, әкімдік, прокуратура, Білім және денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлерінен құрылған ведомствоаралық топтың мүшелерімен кездесті.

Топ жетекшісі атқарылған жұмыстар туралы баяндама оқып, слайд көрсетіп, пилоттық жоба үшін бірінші аумақ ретінде МЖК және Юбилейный ықшам аудандарын таңдағанын айтты. Тұрғындармен 22 жұмыс кездесулері, сауалнамалар өткізілген. Жергілікті халықты толғандыратын мәселелер бар, үш мыңнан астам анонимді сауалнама жиналған.

Ағаш отырғызу, сенбілік бойынша әлеуметтік жобалар жүзеге асырылған. І. Жансүгіров көшесі бойында түрлі жұмысшылардың апаттық жағдайдың алдын алу мақсатында түсіндіру сұхбаты жүргізіліп, бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын айтылды.

Аумақта патрульдік полиция мен ұлттық гвардия сарбаздары қойылды. ҚАЖД-мен бірлесіп «Пробация» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген, оның нәтижесінде есепте тұрған адамдармен жұмыс күшейтілген. Спортшылармен бірлесіп «Нашақорлыққа жол жоқ!» науқаны өткізілген.

Нәтижесінде, пилоттық аумақта тіркелген қылмыстар саны 28%-ға азайған, криминогендік жағдай оң бағытта өзгергені байқалған. Айта кетейік, «Юбилейный» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің комитет төрағасы Ганифа Сибиргаева Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторларына әкімшілік аумақта тиісті құқықтық тәртіпті орнатудағы нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдірді.

Баяндамаларды тыңдаған Марат Қожаев ведомствоаралық топқа құқық бұзушыларды анықтауға аса назар аударып, балалардың қауіпсіздігі үшін олардың бос уақытын тиімді пайдалануға көңіл бөлу керектігі жөнінде ұсыныс білдірді. Жиын соңында тәртіп сақшыларын Жаңа Қазақстанды құру жолында халыққа адал қызмет етуге және халықтың сенімін ақтау мақсатында аянбай еңбек етуге шақырды.

Бұдан әрі жұмыс сапары аясында ІІМ-нің орынбасары мен ІІМ бөліністерінің бастықтары департаменттің Жедел басқару орталығында болып, криминогендік ахуалдың күнделікті мониторингін жүзеге асыруға, оны талдауға және барлық процестерді тиімді басқару үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің Ахуалдық-аналитикалық орталығының жұмысымен танысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру