Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында психотроптық дәрі-дәрмектерді сатқан әйел ұсталды

Түркістан облысында психотроптық дәрі-дәрмектерді сатқан әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Естуші мемлекет аясында ашықтықты қамтамасыз ету үшін Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев облыс тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдауды дәстүрге айналдырған. Осындай кезекті облыс әкімінің азаматтарды қабылдауы Келес ауданында ұйымдастырылды.

Келестік тұрғындар облыс әкіміне көкейдегі мәселелерін айтып, жауаптарын алды. Оның ішінде тұрғындардың бірқатары ауылдастарының бірі үйінде құрамында есірткісі бар, сатуға тыйым салынған дәрі-дәрмектерді сатуы мүмкін деген арыз-шағымдарын айтып, осы бойынша полицейлерге тапсырма берілуін сұрады.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов тұрғындар тарапынан келіп түскен осы ақпаратқа бірден назар аударды. Облыстың бас полицейі оқиғаның мән-жайын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-ның тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел топ құрды. Аталған полицейлер шұғыл Келес ауданына іссапармен шықты.

Полицейлер қажетті тексеру амалдарын жүргізді. Куәлардан жауап алды. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын анықтады. Осылайша жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде, тәртіп сақшылары тұрғынның құрамында есірткісі бар дәріні сатып жатқан сәтіне куә болды.

Яғни, полицейлер күдікке ілінген үйге келген сәтте анықталған мекенжайға кіріп-шыққан тұрғынды байқап, одан бірден жауап алды. Онымен тілдесу барысында тұрғын аталмыш үйден 10 пластина Трамадол дәрісін сатып алғаны белгілі болды.

Анықталған іс бойынша үй иесін тексеру кезінде 61 жастағы әйел өз кінәсін мойындап, полицейлерге тағы 35 дана пластина дәріні өз еркімен тапсырды.

Аталған дерек Келес АПБ-ға тіркеуге алынды. Қазіргі таңда полиция тарапынан қажетті іс-шаралар өткізіліп, жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру