Түркістан облысы ПД-да Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары жеке құраммен кеңес өткізді
Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы тапсырмаларын орындау, аймақтардағы Полиция департаменттерінің жұмысын пысықтау мақсатында вице-министр М. Қожаев пен бірқатар қызмет басшылары Түркістанға барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Басты мақсат – полицейлер арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сервистік полиция моделі бойынша атқарылған жұмыстарды қадағалау, өңірдегі жол қауіпсіздігі мәселесін назарға алу.
Түркістан облысы Полиция департаментінде ұйымдастырылған жиынға облыстың бас полицейі М. Қабденов, 17 қала, ауданның басшылары мен жеке құрам қатысты.
– Полиция – ел сенімін ақтап, елге адал қызмет ету үшін бірінші кезекте халықтың жағдайын жасап, қамқоршысы, жанашыры болуы керек. Басты мақсат сол! Сонымен қатар, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындауда ешқашан уақыт өткізбеуіміз керек. Білім мен біліктілікті арттырып, Қазақстанның полицейі деген атқа кір келтірмеуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлықты жасамақ түгілі, мүлде ойға алмауымыз керек. Жемқорлыққа жол берген қызметкерге жаза қатаң. Осыны ешқашан естен шығармаңыздар, – деп ІІМ-нің біріншісі орынбасары қатаң түрде атап өтті.
Одан ары Ішкі істер министрлігінен келген басшы құрам жол апатының алдын алу, өрескел қателікке жол беретін жүргізушілерді дер кезінде анықтау мақсатында ҚР ІІМ Марат Ахметжановтың тікелей тапсырмасымен іске қосылған «Қорғау –Қауіпті жүргізуші» бағдарламасының жұмысын қарап шықты.
Полицейлер бейнекамералармен жұмыс істеуін, сервистік полиция мен цифрландыру бойынша жасалып жатқан жобаларды бақылады. Осылайша келген басшы құрам қылмыстардың алдын алу мен болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстарды жандандыру, учаскелік полиция инспекторларының қызметін нығайту, қызметкерлердің арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау туралы тапсырмаларын берді.