Ғашығына сыйлық жасау үшін ұрлық жасаған жас жігіт ұсталды
Түркістан облысында ғашығына сыйлық жасау үшін ұрлық жасаған жас жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйел адамның айтуынша, оның үйіне белгісіз біреу үйдің терезесін сындырып кіріп, ағаштан жасалған 80 мың теңге тұратын төрт астауын, құны 200 мың теңге тұратын дөңгелектерін дискілерімен бірге жасырын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі 280 мың теңгені құраған.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Полиция қызметкерлері ұрлық қылмысын ашу үшін оқиға орнына жедел жетті. Олар қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды мұқият қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде, күдіктінің мекенжайы анықталып, полицейлер жас жігітті бір тәулікке жеткізбей ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті бұдан алдын жәбірленушінің үйінде құрылыс жұмыстарын жүргізген болып шықты. Содан жас жігіт қарызын жауып, ғашығының туған күніне сыйлық жасау үшін өзі білетін үйде ешкімнің жоқтығын біліп, ұрлыққа түскен. Ол ұрланған бөтеннің мүлкін сатып, бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.