Ақтөбеде Ұлттық ұланның жауынгерлері донорлық қан тапсырды
Ақтөбеде Ұлттық ұланның жауынгерлері донорлық қан тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбеде 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері донорлық қан банкін 30 литрден астам қанмен толтырып, Дүниежүзілік «Жүректен жүрекке» донорлық акциясына қатысты.
Облыстық қан орталығында өткен донорлық акцияға барлығы 70-тен астам әскери қызметші қатысты. Акцияға қатысушылардың арасында құрметті донорлар да, алғаш рет қан тапсыруға келгендер де бар.
Акция барысында әскери бөлім мен Облыстық қан құю орталығы арасында өзара тығыз байланыс орнатылды. Әскерилер әрдайым мұқтаж ауыр науқастарға қан тапсыру үшін шұғыл түрде көмекке келеді.
Аға сержант Азамат Бегимов алтыншы рет қан тапсырып, игі іс жасауда.
– Донорлыққа мен бірнеше жыл бұрын келдім, содан бері жылда міндетті түрде тапсырып тұрамын. Мен тапсырған қан мұқтаж болған жандардың өмірін сақтап қалуға көмегі тиер деген сенімдемін, – деді Азамат.
Донорлық қан тапсырған әскери қызметшілердің арасында сержант Сәкен Колданов болды. Ол өмірде адамдарға көмектесу үшін кез келген мүмкіндікті пайдалану керек екенін атап өтті.
– Менің қызметтік міндетім – азаматтарға көмектесу және оларды қорғау. Донорлық қан тапсыру – адамдарға көмек көрсетудің, біреудің өмірін құтқарудың бір тәсілі деп білемін, – дейді сержант С. Колданов.
Сонымен қатар, бұл игі дәстүрге мерзімді қызмет сарбаздары белсенді қатысты.
– Бүгін мен алғаш рет қан тапсырдым. Қан банкін толтырып, ауырған адамдардың өмірін сақтап қалу арқылы ортақ іске өз үлесімді қосқым келеді, – деп атап өтті мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Берік Әділов.
– Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің міндеті тек қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау мен қылмысқа қарсы күрес емес. Біз әрқашан қиын жағдайдағы адамдарға көмектесуге дайынбыз, – деді 6655 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғани Бөлкебаев.
Өз кезегінде мекеме дәрігерлері де әскери қызметкерлерге алғысын білдірді.