Петропавлда ювеналды полицияның есебінде 80 қолайсыз отбасы тұр
Петропавлда ювеналды полицияның есебінде 80 қолайсыз отбасы тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғыны ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. 29 жастағы қала тұрғыны бірқатар құқық бұзушылықтар, ішімдіктің қатысуымен болатын тұрақты отырыстар, есірткі мен психотроптық заттарға тәуелділік сынды өмір салтын жүгізеді. Жалғыз немересінің тағдырына алаңдаған әже полицейлердің көмегіне жиі жүгінген. Зейнеткер өзінің 10 жасар немересін қамқорлыққа алған. Қазіргі таңда олар анасынан бөлек тұрып жатыр.
Бұл қолайсыз отбасы ювеналды полиция қызметкерлерінің ерекше бақылауында. Қазіргі уақытта полицейлер ата-анаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік материал жинады. Іс жүргізу шешімін қабылдау үшін СҚО-ның кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотына жіберілді.
– Балаға психологиялық және моральдық қысым көрсету жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Ата-ана құқығын шектеу – кәмелетке толмағандар үшін тиімді шешімдердің бірі. Полицейлер есепте тұрған отбасылардың үйіндегі жағдайды зерттеп, құқық бұзушылыққа жол бермеу бойынша профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Кәмелетке толмағандар арасындағы, сондай-ақ оларға қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу – полиция инспекторларының басты міндеті, – дейді Петропавл қаласы ПБ ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.
СҚО-ның ювеналды полициясының есебінде 80 қолайсыз отбасы тұр. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға заңды өкілдерге қатысты 14 материал жиналды. Үшеуі ата-ана құқығынан айырылды, біреуінің құқығы шектелді.