Шымкенттік полицейлер жол ережесін бұзғандарды жауапқа тартты
Шымкенттік полицейлер жол ережесін бұзғандарды жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерді бақылау барысында бірнеше видео анықталды, онда түлектер мінген кортеждер жол қозғалысы ережелерін бұзған.
Шымкент қаласы ПД Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері Hyundai Accent, Toyota Land Cruiser және Toyota Camrу автокөліктерінің жүргізушілерін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 593-бабы (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) және 606-бабы (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы) бойынша жауапкершілікке тартты.
Жалпы, 25 мамырда Шымкент қаласының патрульдік полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 132 жүргізушіні әкімшілік жауапқа тартты, оның ішінде 10 автокөлік айыптұраққа орналастырылды. Полицейлер жүргізушілерге өзінің және жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігі үшін ЖҚЕ-ні қатаң сақтауды сұрайды.