Павлодар облысында 78 тұрғын мал мен етті тиісті құжаттарсыз тасымалдаған
Павлодар облысында 78 тұрғын мал мен етті тиісті құжаттарсыз тасымалдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мал ұрлығына байланысты қылмыстардың алдын алып, жолын кесу және ауылшаруашылық малының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Павлодар облысының аумағында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар өткізіледі.
Жыл басынан бері Павлодар облысында жұмыс істеп тұрған 146 айыппұл тұрағына 8500-ден астам ауыл шаруашылығы жануарлары қамалды. Олар өрісте бақылаусыз жайылып, облыстың автожолдарында жиі кезіп жүреді.
ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша мыңға жуық меншік иесі жауапкершілікке тартылды.Тәртіп сақшылары жүргізушіде мал мен ет өнімдерін тасымалдау кезінде тиісті құжаттар болуы тиіс екенін ескертеді.
– Бүгінгі таңда 78 тұрғын мал мен етті тиісті құжаттарсыз тасымалдаған. Әрқайсысына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік материалдар толтырылды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мысалы, 24 мамырда Тереңкөл ауылының жанындағы Омбы – Майқапшағай автожолында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері 57 жастағы ауыл тұрғынының басқаруындағы ВАЗ автокөлігін тоқтатты, ол көліктің жүксалғышында тиісті құжаттарсыз төрт торайды тасымалдаған.
Тексеру кезінде ер адам торайларды басқа ауылдан сатып алып, үйіне әкетіп бара жатқаны анықталды, бірақ жануарларға тиісті құжаттарды алуды ойлап, алаңдамаған. Тиісті құжаттарсыз мал тасымалдау фактісі бойынша полиция ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша материал жасалып, шешім қабылдау үшін ветеринариялық инспекцияға жіберілді.
Полиция ет өнімдерін тасымалдау және тасымалданатын өнімінің сапасын сақтау, барлық қажетті нормаларды сақтай отырып жүргізілуі керек екенін еске салады. Бұл, бірінші кезекте, суытылған, мұздатылған, қатырылған етке қатысты. Сонымен қатар, мұндай өнімдердің әр түрі нақты тасымалдау шарттарын сақтауды қамтиды. Мал басын тасымалдау кезінде де тиісті құжаттар болуы қажет.